Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында елді газдандыру қарқынын жеделдетіп, табиғи газға қолжетімді халық үлесін 65%-дан 80%-ға дейін арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Мемлекет басшысы энергетика саласын дамыту жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан қазба отынын пайдалануды жалғастырады, алайда көмір өндіру экологиялық талаптарға сай жүргізіледі. Осы мақсатта Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш жаңа жылу электр орталығы салынады.
2029 жылға дейін елде 13 гигаваттан астам жаңа энергетикалық қуат іске қосылады. Оның кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Сонымен қатар келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады.
Президент көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Жаңа теміржол желілері салынып, автомобиль жолдары жөнделуде. Астанада жаңа әуежай салу жоспарланған. Сондай-ақ ұлттық жүк әуе тасымалдаушы компаниясын құру және авиациялық отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту тапсырылды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жүк тасымалы көлемінің артқанын атап өтті. Соңғы алты жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есеге өсіп, жылына 4 миллион тоннадан асты.
Источник: Aqorda