Шығыс Қазақстан облысында жаңғырту жұмыстары аяқталған Риддер мен Шемонаиха теміржол вокзалдары пайдалануға берілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңарту бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылды. Жұмыс барысында ғимараттардың қасбеттері мен ішкі бөлмелері жөнделіп, инженерлік желілер, жолаушылар платформалары және вокзал маңындағы аумақ жаңартылды. Сонымен қатар вокзалдарға жаңа жиһаз бен заманауи жабдықтар орнатылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Риддер мен Шемонаиха вокзалдары өңірдегі маңызды көлік нысандарының қатарында. Олардың жаңартылуы көлік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындар мен өңір қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Финтек-Астана» ЖШС мен «QK SUNQAR» ЖШС жүргізді. Жаңғыртудан кейін Риддер вокзалының жалпы ауданы 471 шаршы метрді, ал Шемонаиха вокзалының ауданы 230 шаршы метрді құрайды.
Бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысында бес теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Соның екеуі – Риддер мен Шемонаиха вокзалдары – қазірдің өзінде жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Министрліктің мәліметінше, биылғы 1 шілдеге дейін еліміз бойынша тағы 30 жаңартылған теміржол вокзалын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі