Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында 203-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа өрт сөндіру бекеті Қызылағаш, Ақтоған және Қопалы ауылдарының 2800-ден астам тұрғынын өрттен қорғауға арналған. Ашылу рәсіміне Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Адамбек Оразалинов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Ермұханбетов және ауыл тұрғындары қатысты.
Нысан жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып, тәулік бойы жұмыс істеуге толық бейімделген. Мұнда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, диспетчерлік бөлме, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, демалыс орны мен ас үй қарастырылған. Сонымен қатар құралым арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және қызметтік киіммен қамтамасыз етілген. Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті бекеттің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықтарды жеткізді.
Салтанатты рәсім барысында өрт сөндіру бекетінің құрылысы мен материалдық-техникалық жарақталуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Ведомство олардың ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар ауыл аумағын көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттерін отырғызды.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі