Ақмола облысындағы Бурабай теміржол вокзалы жаңғырту жұмыстарынан кейін пайдалануға берілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңғырту барысында вокзал ғимаратының қасбеті мен ішкі бөліктері толық жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды. Сондай-ақ жолаушыларға арналған жайлы күту аймақтары жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасалды.
Министрліктің мәліметінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, қауіпсіздік деңгейі және вокзалдың қолжетімділігі айтарлықтай жақсарған.
«Курорт-Бурабай» вокзалы еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында жаңартылған туристік бағыттағы 20 вокзалдың бірі. Ақмола облысында осы бағдарлама бойынша барлығы 16 теміржол вокзалы жаңғыртылуда.
Жоба өңірдің туристік әлеуетін дамытуға, Бурабай курорттық аймағының көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі