Қазақстан мен АҚШ қар жамылғысын әуе арқылы мониторингтеу және су тасқынын ерте болжау бағытындағы бірлескен бағдарламаны кезең-кезеңімен іске асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов АҚШ-тың Dynamic Aviation және Airborne Snow Observatories Inc. компанияларының, сондай-ақ АҚШ Елшілігінің өкілдерімен кездесті.
Тараптар қар жамылғысын авиациялық технологиялар арқылы бақылау, көктемгі су ағынын болжау және су тасқыны қаупі туралы ерте ескерту жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.
Бағдарламаның алғашқы кезеңі Жабай өзені бассейнінде іске асады. Мұнда қар қоры әуе арқылы жоғары дәлдікпен өлшеніп, жиналған деректер министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелеріне енгізіледі.
Министрліктің мәліметінше, жоба болашақта еліміздің басқа өңірлеріне кезең-кезеңімен кеңейтіліп, су ресурстарын тиімді басқаруға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі