Энергетика министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп цифрлық интеллектуалды электр желілерін дамыту және электр энергиясына сұранысты басқару тетіктерін енгізу жөніндегі жобаны пысықтап жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада өткен жұмыс кездесулеріне Энергетика министрлігінің, БҰҰДБ, «KEGOC» АҚ, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық және ұлттық сарапшылар қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар мен сұранысты басқару құралдарын енгізу арқылы Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің тиімділігін арттыру.
Кездесулер барысында электр энергиясы нарығындағы агрегаторлар институтын дамыту, тұтынушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыру, сұранысты басқару бағдарламаларына экономикалық ынталандыру тетіктерін енгізу, деректерді өңдеу мен қорғаудың заманауи жүйелерін пайдалану және белсенді электр энергиясын тұтынушы тұжырымдамасын дамыту мәселелері қаралды.
Министрліктің мәліметінше, бұл тәсілдер энергия жүйесінің икемділігін арттырып, ең жоғары жүктеме кезеңдеріндегі тұтынуды азайтуға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, энергия жинақтау жүйелерін және басқа да заманауи технологияларды тиімді енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында тараптар жобалық құжатты әзірлеудің келесі кезеңдерін айқындады. Бұл құжат Қазақстанның электр энергетикасын цифрлық трансформациялау бағытындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға негіз болады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі