Жазғы демалыс кезінде Қазақстанның балаларды сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерінде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Еліміздің барлық өңірлерінде құтқарушылар балалар үшін танымдық сабақтар, шеберлік сағаттары, экскурсиялар мен практикалық жаттығулар өткізуде. Оларға өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, терезе маңындағы сақтық шаралары және төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібі түсіндіріледі.
Астанада ТЖД қызметкерлері мектеп жанындағы лагерьлерде кездесулер өткізіп, балаларға қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті форматта таныстыруда. Шығыс Қазақстан облысында оқушылар кинологиялық қызметтің жұмысымен танысып, шартты кедергілерден өтіп, табиғатта және су айдындарының маңында қауіпсіз әрекет ету тәсілдерін меңгеруде. Сонымен қатар лагерь қызметкерлеріне нұсқама өткізіліп, нысандардың жазғы маусымға дайындығы тексерілуде.
Жетісу облысының Алакөл ауданындағы балалар сауықтыру лагерінде өрт және судағы қауіпсіздікке арналған танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар алғашқы көмек көрсету негіздерімен танысып, қызықты эстафеталарға қатысты. Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі өрт сөндіру автокөлігінің көмегімен жасалған су фонтаны болды.
Батыс Қазақстан облысында балалар өрт-құтқару техникасы мен арнайы жабдықтарды көріп, азаматтық қорғау жүйесінің жұмысымен танысуда. Қостанай облысында лагерьлердің дайындығы тексеріліп, өрт қауіпсіздігі, алғашқы көмек көрсету және жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілуде.
Павлодар облысында Апаттар медицинасы орталығының мамандары оқушыларға алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретсе, Солтүстік Қазақстан облысында балалар өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару қызметінің заманауи техникасымен және жұмыс ерекшеліктерімен танысуда.
Министрліктің мәліметінше, мұндай іс-шаралар балалардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектесетін маңызды қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі