Қазақстан колледждеріне 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау 25 маусымда басталады, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 140 мың грант бөлінді. Әсіресе техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға басымдық беріліп, осы салалар бойынша бюджет орындарының саны ұлғайтылды.
Талапкерлер құжаттарын eGov.kz порталы арқылы немесе колледждерге тікелей электронды форматта тапсыра алады. Қабылдау белгіленген мерзімдерге сәйкес түрлі даярлау бағыттары бойынша жүргізіледі.
Орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына түсушілер арасында конкурс аттестаттың орташа балы негізінде өткізіледі. Ал жұмысшы біліктілігін алғысы келетін түлектер әңгімелесу нәтижесі бойынша қабылданады.
Кейбір бағыттар бойынша қосымша сынақтар қарастырылған. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер эссе немесе диктант жазса, медициналық және шығармашылық бағыттарға үміткерлер арнайы немесе шығармашылық емтихандар тапсырады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, гранттар санының артуы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жастардың кәсіптік білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Дерек көзі: Magnific