Қазақстанда алманың вируссыз телітушілеріне арналған алғашқы аналық көшет бағын құру бойынша бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба министрліктің қолдауымен 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында іске асуда. Оның негізгі мақсаты – отандық бау-бақша шаруашылығын дамыту, отырғызу материалдарының сапасын арттыру және импорттық көшеттерге тәуелділікті азайту.
Министрліктің мәліметінше, бұл Қазақстандағы осындай ауқымда жүзеге асырылып отырған алғашқы жоба. Ол заманауи биотехнологияларды пайдалана отырып, отандық алма сорттары мен телітушілерін кешенді түрде сауықтыруды көздейді. Зерттеу барысында ғалымдар ғылыми және өндірістік бақтарда өсірілетін сорттар мен телітушілерді вирустық ауруларға тексеріп, оларды сауықтыру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде «Жетісу 5», «АРМ-18», «Б-16-20» және «Б-7-35» отандық телітушілері, сондай-ақ «Айнұр», «Салтанат» және «Восход» атты қазақстандық алма сорттары толықтай вируссыз күйге жеткізілді.
Сапалы отырғызу материалдарын өндіруді жедел дамыту мақсатында Нидерландтан алманың 12 түрлі телітушісінің 7,9 мың түбі және шетелдік селекцияның сұранысқа ие 20 сортының 2,2 мың түбі әкелінді.
Алғашқы вируссыз аналық көшет бағы көлемі 0,5 гектар аумақта Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалы базасында құрылды. Қазіргі уақытта мамандар көлемі 1,5 гектар болатын аналық бақты қалыптастыру үшін көшеттер дайындап жатыр.
Жоба жүзеге асқаннан кейін қазақстандық бағбандар сертификатталған вируссыз отырғызу материалдарымен қамтамасыз етіліп, жеміс дақылдарының өнімділігі артады және елдегі бәсекеге қабілетті бау-бақша шаруашылығын дамытуға негіз қаланады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі