Қазақстанда Valmont Industries компаниясының жаңбырлатып суару машиналарын жергілікті өндіру жобасы жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаның жүзеге асырылу барысы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Valmont Industries компаниясының Еуразия және Латын Америкасы бойынша аймақтық вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман бастаған делегацияның кездесуінде талқыланды. Кездесуде суармалы егіншілікті дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министрлік мәліметінше, жоба іске асырудың соңғы кезеңіне жеткен. Өндіріс «Имсталькон» АҚ базасында ұйымдастырылып, қажетті инфрақұрылым дайындалған. Сонымен қатар жекелеген бөлшектерді шығаруға қазақстандық кәсіпорындар тартылып, өндірісті жергіліктендіру деңгейі арта түспек.
Жоба ауыл шаруашылығы саласында жоғары сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қарағанды облысында шамамен 250 жаңбырлатып суару машинасына қажеттілік қалыптасқан. Бұл 25 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суаруға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Серік Жұманғарин мүдделі мемлекеттік органдармен және инвесторлармен бірлесіп, өндірісті жергіліктендіру жұмыстарын жалғастыруды және фермерлердің заманауи ирригациялық техникаға қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі