Швецияның Гётеборг қаласында өткен Еуропалық физика олимпиадасында (EuPhO 2026) Қазақстан құрамасы 4 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Әлемнің 41 елінен 200-ден астам оқушы қатысқан беделді халықаралық жарыста ұлттық құрама 3 күміс және 1 қола медаль иеленді.
Күміс медальдарды Астана қаласындағы NIS мектебінің 11-сынып оқушысы Сейтқамит Арғын, Қостанай облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әбдіқадыр Таир және Астанадағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Сабыров Мерген жеңіп алды.
Қола жүлдені Алматы қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Жоламан Абылайхан иеленді.
Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Темірлан Исмағұлов үйлестірді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Еуропалық физика олимпиадасы оқушылардың теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын бағалайтын беделді халықаралық білім жарыстарының бірі саналады. Биылғы нәтиже қазақстандық жас физиктердің жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі