Жыл басынан бері Жетісу облысындағы «Нұр Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қытайдан әкелінген және транзитпен өткізілген жүктерді тексеру барысында ветеринариялық талаптарды бұзудың бірнеше дерегі анықталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы жүргізген бақылау нәтижесінде жалпы көлемі 113 тоннадан астам өнімнің заңсыз тасымалдануына тосқауыл қойылды. Оның ішінде 66,4 тонна мұздатылған тауық еті, 46,8 тонна үйрек еті және 22 тонна балық жемі болған.
Тексеру барысында аталған жүктердің импорты мен транзиті Қытайдан құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге қатысты қолданыстағы уақытша ветеринариялық шектеулерді бұзғаны анықталды.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты екі жеке және төрт заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қолданыстағы заңнама мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес, тәркіленген өнімдер қауіпсіз емес деп танылып, жою туралы шешім қабылданды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында барлық өнім Панфилов ауданындағы арнайы жабдықталған алаңда өртеу әдісімен толықтай жойылған.
Министрлік сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы бақылаудағы жүктерді өткізу кезінде ветеринариялық талаптар мен қолданыстағы шектеулерді қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертті.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі