Су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл министрліктің орталық аппараты мен «Қазсушар» РМК филиалдарында жоғары оқу орындары мен колледждердің 648 студенті өндірістік тәжірибеден өтеді. Қазіргі таңда олардың 216-сы тәжірибесін аяқтаса, 394 студент тәжірибеден өтіп жатыр. Тағы 38 студент жыл соңына дейін тәжірибеден өтпек.
Министрлік мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Өткен жылы өндірістік тәжірибеден 339 студент өтсе, 2024 жылы олардың саны 82 болған.
Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірдегі «Қазсушар» филиалының өндірістік нысандарында тәжірибеден өтіп жатқан Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттерімен кездесті. Биыл аталған филиалда 215 студент тәжірибеден өтуде.
Кездесу барысында студенттер оқу үдерісі мен өндірістік тәжірибенің ерекшеліктері туралы айтып, су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысқаннан кейінгі әсерлерімен бөлісті.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, «Қазсушардың» филиалдары еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді және болашақ су мамандары үшін өндірістік тәжірибеден өтудің маңызды алаңы саналады. Мұнда студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, саланың нақты жұмысымен танысады.
Сонымен қатар су саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары да қолға алынған. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен екі есеге өсті. Бұдан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарға тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, өткен жылы «Қазсушар» жүйесіне 48 түлек жұмысқа қабылданған. Бұл жұмыстар су шаруашылығы саласына білікті жас мамандарды тартуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған.
Дерек көзі: Magnific.com