ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Женеваға жұмыс сапары барысында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесіп, еңбек саласындағы өзара ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясы аясында өтті. Онда тараптар жүзеге асып жатқан бірлескен жобалардың нәтижелерін саралап, ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бағыттарын қарастырды.
Асқарбек Ертаев Қазақстан үшін әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және азаматтарға тең мүмкіндіктер ұсыну мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндеттерді жүзеге асыруда Халықаралық еңбек ұйымымен өзара іс-қимыл ерекше рөл атқарады.
Кездесу барысында Қазақстан тарапы ХЕҰ-мен ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне өтіп, Лайықты еңбек жөніндегі елдік бағдарламаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Министрдің айтуынша, мұндай бағдарлама еңбек саласындағы ортақ бастамаларды жүйелі түрде іске асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар болашақтағы ықтимал ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде цифрландыру мен жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсерін зерттеу мәселесі көтерілді. Қазақстан жаңа технологиялардың жұмыспен қамтуға ықтимал әсерін бағалау және осы саладағы жаңа мүмкіндіктерді зерделеу бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Министр кездесу барысында ХЕҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылған бірқатар жобалардың нәтижелерімен де таныстырды. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша ұлттық шолу әзірленіп, шахталардағы еңбек жағдайы мен еңбек инспекциясы жүйесіне талдау жүргізілді.
Министрліктің мәліметінше, осы жұмыстардың қорытындысы негізінде Қазақстанда «Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы» №176 Конвенцияны ратификациялау рәсімі басталды. Сонымен бірге өндірістік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған жаңа басқару тәсілдерін енгізу үшін заңнамалық өзгерістер әзірленуде.
Еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Министрдің айтуынша, Қазақстан ХЕҰ-ның ең төменгі жалақыны белгілеуге қатысты №131 Конвенциясын ратификациялау туралы заң қабылдады.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту аясында ұжымдық еңбек дауларын реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, олар халықаралық сарапшылардың қарауына ұсынылған. Сонымен қатар «Әлеуметтік әріптестік туралы» заң жобасын әзірлеу және жұмыс берушілердің өкілдік институттарын жетілдіру мәселелері қарастырылуда.
Кездесуде еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу бағытындағы жұмыстарға да назар аударылды. Осыған байланысты қызметкерлерді жұмыс орнындағы жыныстық қысымнан қорғауға арналған заңнамалық түзетулер әзірленіп, ХЕҰ сарапшыларының бағалауынан өткен.
Кездесу соңында Асқарбек Ертаев Питер ван Ройды ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік бюросының директоры қызметіне тағайындалуымен құттықтап, Қазақстанның халықаралық еңбек стандарттарын дамыту және ұйыммен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі