Ақмола облысы Қазақстанның солтүстік өңірлері арасында көктемгі егіс науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтады. Алдын ала жүргізілген дайындық, мемлекеттік қолдау және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үйлесімді жұмысы барлық егіс жұмыстарын белгіленген агротехникалық мерзімдерде орындауға мүмкіндік берді.
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл жалпы егіс алқабы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 млн гектарды құрады. Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі алты есеге өсіп, 715 мың гектардан асты. Мал азықтық дақылдар 166,5 мың гектар аумаққа орналастырылса, картоп пен көкөніс дақылдарына 10 мың гектардан астам жер бөлінді.
«Егіс науқанының табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның толық дайын болуы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық көлемде қамтылды», – деді басқарма басшысы Нұрбек Бәдірақов.
Аграршыларға жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау тетіктері арқылы айтарлықтай қолдау көрсетілді. Бұл мақсаттарға 235 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында 840 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жалпы сомасы 122 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алды.
Саладағы техникалық жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері өңір шаруашылықтары 789 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасы шеңберінде отандық өндірістегі 610 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге келісімшарттар жасалды.
Қолдаудың қосымша құралы ретінде «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы форвардтық сатып алу механизмі пайдаланылуда. Биыл 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 3,3 млрд теңгені құрайтын 55 өтінім мақұлданып, бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуге мүмкіндік береді.
Егіс науқанының уақытылы аяқталуы болашақ өнімнің қалыптасуына қолайлы жағдай жасап, Ақмола облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға негіз болады.
Дерек көзі: Алматы облысының ішкі саясат басқармасы