Жамбыл облысында цифрлық технологиялармен жабдықталған жаңа сүт-тауарлы ферма іске қосылды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі «AzNur Agro» жүзеге асырды. Инвестициялық бастаманың жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3,6 мың тонна сүт өндіруге есептелген. Өндірілетін өнімнің басым бөлігі жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Фермада өндірістік үдерістерді басқаруға арналған заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Жақын уақытта мұнда Германияда өндірілген «карусель» үлгісіндегі жоғары технологиялық сауу қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жүйе бір мезетте 16 ірі қара малға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қондырғылар жеткізіліп, оларды іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жоғары өнімді табын қалыптастыру мақсатында шаруашылыққа Ресейден голштин тұқымды 338 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Сонымен қатар өндірістік қуатты арттыру аясында биылғы күзде қосымша 70 бас асыл тұқымды мал сатып алу жоспарланған.
Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі шикі сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға, қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге және импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Ферма іске қосылғаннан кейін кәсіпорында 20 тұрақты және 10 уақытша жұмыс орны ашылды.
Жоба Жамбыл облысында сүтті мал шаруашылығын дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі