Орал қаласында Еуразиялық индустриялық-логистикалық хабтың іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жобаны Eurasia Holding Group құрамындағы «Jinone Excellence Investment» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Инвестициялық бастама «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен қолға алынған.
Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста экономиканың басым бағыттарын дамыту үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен заманауи өндірістік алаңдар қалыптастырылуда.
Өңір басшысы соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай артқанын айтты. Оның мәліметінше, 2023-2025 жылдары негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құраған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4 пайызға өсіп, 135 млрд теңгеден асқан. Сондай-ақ соңғы үш жылда өңірге 4,9 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған.
Іс-шара барысында Қытай Халық Республикасының Ақтөбедегі Бас консулының орынбасары Чжан Нан жаңа жобаның Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және өндірістік байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов ұлттық компания инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
Жоба Орал қаласындағы 20 гектар аумақта жүзеге асырылады. Инвестициялардың жалпы көлемі 130 млн АҚШ долларын құрайды.
Индустриялық-логистикалық кешен құрамында бірнеше өндірістік нысан салу көзделген. Олардың қатарында жылына 30 мың тоннаға дейін өнім өндіретін болат конструкциялары зауыты, жылына 60 мың данаға дейін құрылыс қалыптарын шығаратын өндіріс орны және жыл сайын 250 мың бухтаға дейін BV үлгісіндегі кабель өндіретін зауыт бар.
Жобаны толық аяқтап, пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін 510 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Хабтың маңызды инфрақұрылымдық бөлігі ретінде үшінші тарап жүктерін сақтауға және өңдеуге арналған ашық үлгідегі «А» санатындағы кеден қоймасы жұмыс істейтін болады. Ол қытайлық электрондық коммерция компанияларының, ресейлік трейдерлердің және еуропалық жүк жөнелтушілердің жүктерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, мұндай формат өңірдегі логистикалық қызметтердің тиімділігін арттырып, халықаралық сауда байланыстарының кеңеюіне жағдай жасайды.
Жоба Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Ресей, Шығыс Еуропа және Еуропалық одақ елдері арасындағы өндірістік және логистикалық байланыстарды дамытуға бағытталған. Халықаралық көлік дәліздерінің тоғысында орналасқан Орал қаласы болашақта Еуразиялық экономикалық одақ нарықтарына шығатын маңызды индустриялық және логистикалық орталықтардың біріне айналуы мүмкін.
Дерек көзі: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі