Қазақстан жасанды интеллект технологияларын меңгеру және күнделікті өмірге енгізу қарқыны бойынша өңірдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі ретінде бағаланып отыр. Мұндай деректер OpenAI компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде жарияланды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Компания сарапшыларының мәліметінше, қазақстандықтар жасанды интеллект құралдарын түрлі мақсатта белсенді пайдаланады. Ең жиі кездесетін бағыттардың қатарында практикалық кеңестер алу, мәтіндер әзірлеу және редакциялау, сондай-ақ ақпарат іздеу бар.
Жүргізілген талдау нәтижесінде пайдаланушылардың басым бөлігі жасанды интеллектке сұрақ қою немесе қажетті мәліметтерді алу үшін жүгінетіні анықталған. Сонымен қатар көптеген азаматтар технологияны нақты тапсырмаларды орындау мен шығармашылық мақсаттарда қолданады.
Зерттеу деректері жасанды интеллект құралдарының әсіресе жастар арасында кең таралғанын көрсетті. Барлық сұраныстардың негізгі үлесі 18 бен 34 жас аралығындағы пайдаланушыларға тиесілі. Сарапшылар бұл көрсеткішті жаңа технологияларды қабылдау деңгейінің жоғары екендігінің белгісі ретінде бағалайды.
OpenAI делегациясының Қазақстанға сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен кездесу өтті. Тараптар жасанды интеллект саласындағы әріптестікті дамыту, білім беру жобаларын іске асыру және ChatGPT Edu платформасын енгізу мәселелерін талқылады.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға бағытталған бастамалар қоғамның технологияларды қабылдауға дайын болуына сүйенеді. Оның пікірінше, азаматтардың ЖИ құралдарын білім беру, кәсіби қызмет және күнделікті міндеттерде пайдалана бастауы бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын арттырып отыр.
OpenAI-дің білім беру бағдарламалары бойынша халықаралық жетекшісі Валери Фокке Қазақстандағы ChatGPT қолдану көрсеткіштері халықаралық деңгейде жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастар технологияның негізгі пайдаланушылары болып саналады, ал жасанды интеллектті қолдану ерлер мен әйелдер арасында шамалас деңгейде қалыптасқан.
Кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де көтерілді. Соның ішінде студенттер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру, сондай-ақ жауапты ЖИ құралдарын оқу процесіне енгізу перспективалары талқыланды.
Айта кетейік, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба аясында 165 мың педагог ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді. Бастаманың технологиялық серіктесі ретінде Bilim Group IT-холдингі қатысып, жасанды интеллект шешімдерін мектептерге, колледждерге және жоғары оқу орындарына енгізу жұмыстарын үйлестіруде.
Источник: Жасанды интеллект