Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі нығайту мақсатында «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Атап айтқанда, тараптар Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу және жобаны қаржыландыру үшін мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісімдерге қол қойды.
Сонымен қатар «Қазақстан – Сириус» халықаралық мектебі мен дарынды балалар мен жастарға арналған орталық құру, мұнай саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және Омбы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалында Ресей азаматтарын оқытуды қаржыландыру жөніндегі келісімдер бекітілді.
Тараптар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы қосымша келісімге де қол қойды.
Қаржы саласында Қазақстан Ұлттық банкі мен Ресейдің Орталық банкі теңге мен рубль бойынша валюталық своп туралы келісім жасап, ынтымақтастық жөніндегі меморандум қабылдады.
Көлік және логистика бағытында жүк теміржол тасымалдарын цифрландыру, көлік саласындағы цифрлық шешімдерді дамыту және ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен жоспарлар бекітілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей 2026–2030 жылдарға арналған ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бағыттары бойынша да құжаттарға қол қойды.
Мемлекеттік сапар аясында Қазақстан Президенті телерадиокешені мен ресейлік «ТАТМЕДИА» медиахолдингі арасында, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ресейдің Сыртқы сауда академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар қабылданды.
Дерек көзі: Aqorda