Ақорданың мәліметінше, Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтті.
Кездесу барысында мемлекет басшылары қазақ-ресей ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қазақстан үшін негізгі стратегиялық серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен одақтастыққа негізделгенін айтты.
Президенттің сөзінше, бүгін қабылданатын «Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемесі екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын да ерекше атап өтті. Қазіргі таңда екі ел арасында жалпы құны шамамен 53 миллиард долларды құрайтын 177 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Ресей Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі саналады.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды. Атап айтқанда, Астанада өткен Ресей күндері, «Болашақ ойындары», «Сириус» жобасы және жастар арасындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тең құқық пен өзара құрмет қағидаттарына негізделгенін айтты. Сондай-ақ тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Дерек көзі: Aqorda