Ақорданың мәліметінше, Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз өткізді.
Кездесу барысында мемлекет басшылары қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыптарына назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасына қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге алғыс білдірді.
Өз кезегінде Ресей президенті Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара құрметке негізделгенін айтты.
Сонымен қатар президенттерге бірқатар сауда-экономикалық жобалар, Амур жолбарыстарын Қазақстанға жерсіндіру бастамасы, жүргізушісіз жүк көлігі автобағыты және «Сириус» мектебінің жобалары таныстырылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме қабылдап, БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізеді.
Дерек көзі: Aqorda