Қазақстандық ғалымдар сүт өндірісінде жанама өнім ретінде қалатын сүт сарысуын тиімді пайдаланудың жаңа тәсілдерін әзірлеп жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жобамен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары айналысуда. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта сүт сарысуы толық көлемде пайдаланылмайды және көп жағдайда екінші реттік шикізат ретінде ғана қарастырылады.
Зерттеу жұмыстары аясында ғалымдар сүт сарысуын терең өңдеу технологияларын жасап, оны қышқыл сүт және сүзбе өнімдерін өндіруде қолдану мүмкіндіктерін зерттеуде.
Мамандардың мәліметінше, сүт сарысуы тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары өнімдердің қатарына жатады. Сондықтан ол функционалды тағам өнімдерін өндіруге негіз бола алады.
Қазіргі уақытта зерттеушілер сарысу негізінде ақуыз-көмірсулы концентраттар әзірлеп, оларды бидай кебегі мен жасымық секілді өсімдік тектес шикізаттармен үйлестіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Ғалымдардың пікірінше, мұндай тәсіл өнімнің қоректік құндылығын арттырып қана қоймай, сүт өндірісіндегі жанама өнімдерді ұтымды өңдеуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында функционалдық қасиеттері жақсартылған айран, сүзбе, құрт және қоюлатылған сүт өнімдерінің жаңа түрлерін шығару жоспарланған.
Мамандар жаңа өнімдердің құрамында жеңіл сіңетін ақуыздар, тағамдық талшықтар мен ас қорыту жүйесіне пайдалы биологиялық белсенді заттар көп болатынын айтады.
Қазір ғалымдар өнім рецептураларын әзірлеу, технологиялық параметрлерді анықтау және тәжірибелік сынақтар жүргізу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта әзірленген технологияларды Қазақстандағы сүт өңдеу кәсіпорындарына енгізу жоспарланып отыр.
Зерттеушілердің пікірінше, жоба сүт сарысуын аз қолданылатын жанама өнімнен тағам өндірісіне қажетті құнды шикізатқа айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл тәсіл шикізат шығынын азайтып, сүт өнеркәсібіндегі қайта өңдеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі