Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек нарығының трансформациясына арналған «PARYZ NEF 2026» Қазақстан жұмыс берушілер қауымдастықтарының алғашқы ұлттық форумы өтті, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Форумда сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2035 жылға қарай жасанды интеллектінің ықпалы елдегі мамандықтардың жартысына жуығына әсер ететінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, шамамен 4 млн қызметкерге жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады.
Министрлік өкілдері қазірдің өзінде автоматтандыру, роботтандыру және платформалық жұмыспен қамту еңбек нарығының жаңа моделін қалыптастырып жатқанын атап өтті.
Осы өзгерістерге жауап ретінде ведомство жұмыспен қамту жүйесін төрт бағыт бойынша трансформациялауда: кадр даярлау жүйесін жаңарту, мамандарды қайта даярлау, цифрлық жұмыспен қамту қызметін дамыту және платформалық қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту.
Сонымен қатар Қазақстанда Мамандар трансформациясының ұлттық орталығы құрылуда. Биыл Skills.Enbek платформасы арқылы шамамен 100 мың адам оқытудан өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, елде өндірістік тәуекелдерді болжау мен еңбек жағдайларын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған цифрлық шешімдер енгізілуде.
Источник: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі