Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды NaizaNews.kz Алматы қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы қалада жылу желілерінің тозу деңгейін 52,1%-ға дейін төмендету, жасанды интеллект элементтері бар «ақылды» жылумен жабдықтау жүйесін толық енгізу, сондай-ақ газ желілерін жаңғырту мен жаңа абоненттерді газ жүйесіне қосуды жалғастыру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Алматыдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 1410 шақырымды құрайды. 2025 жылы қалада 39 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылса, 2026 жылы бұл жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жалғасады.
Нұрбақыт Серікбайдың сөзінше, «АлЖЖ» ЖШС биыл жалпы ұзындығы 7,4 шақырым болатын 20 нысанды қайта жаңғыртып, қосымша 10,5 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Энергетика басқармасы арқылы тағы 2 шақырым жылу трассасы жаңартылады. Жалпы алғанда, 2026 жылы қала бойынша шамамен 20 шақырым жылу желісі қайта жаңғыртылады.
Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жылумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттыру үшін қалада SCADA және ЛЭРС жүйелері енгізілуде.
SCADA жүйесі АЛЭС нысандары мен сорғы станцияларын қашықтан бақылауға, ақауларды жедел анықтауға және апаттарға әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал ЛЭРС жүйесі есептеу құралдарынан деректерді автоматты түрде жинауды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда ЛЭРС жүйесіне 13 768 есептеу құралы қосылған. Бұл тұрғын үй секторының 98,7%-ын және бюджеттік ұйымдардың 95%-ын қамтиды.
Басқарма басшысының айтуынша, цифрландыру жабдықтардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, апатты жағдайларға жедел әрекет етуге және ресурс шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Алматыда «ақылды» жылумен жабдықтау жүйесін енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Жобаны 2026 жылдың желтоқсанына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жаңа жүйе жасанды интеллект көмегімен онлайн деректерді талдау негізінде жұмыс істейді.
Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, бұл технология желідегі ақауларды жедел анықтап, зақымдалған учаскелерді қашықтан ажыратуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде су мен жылу шығыны азайып, апаттарға әрекет ету уақыты қысқарады.
Сонымен қатар Алматыда газ инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Қазіргі таңда Алматы өндірістік филиалы 4 855,7 шақырым газ құбырларына қызмет көрсетеді, ал желілердің тозу деңгейі 35,9%-ды құрайды.
2026 жылы 13,5 шақырым газ құбырын, 10 шкафтық газ реттеу пунктін және 16 электрохимиялық қорғаныс құрылғысын қайта жаңғырту жоспарланған.
Газбен жабдықтау қауіпсіздігін тәулік бойы жұмыс істейтін «104» авариялық-диспетчерлік қызметі қамтамасыз етеді. Қызмет өтінім қабылдап, апатты жедел жою үшін көшпелі бригадалардың жұмысын үйлестіреді.
Сондай-ақ қалада жаңа абоненттерді газ жүйесіне қосу жұмыстары жалғасуда. 2025 жылы 13,5 мыңнан астам техникалық шарт беріліп, шамамен 11,8 мың жаңа абонент қосылған. Ал 2026 жылдың басынан бері 3738 техникалық шарт беріліп, 2613 абонент қосылды.
Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, жеке секторды газдандыру тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға да ықпал етеді.
Дерек көзі: Алматы қаласының әкімдігі