Түркістандағы саммитке келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына Қазақстанның негізгі цифрлық бастамалары таныстырылды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ТМҰ лидерлеріне жасанды интеллект, цифрлық экономика және технологиялық ынтымақтастық саласындағы жобалар туралы айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан жасанды интеллектіні стратегиялық басымдық ретінде қарастырып, экожүйені инфрақұрылым, білім беру және инновациялық өнімдер арқылы дамытып келеді.
Президенттерге Starlink және OneWeb спутниктік байланыс жобалары, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы, сондай-ақ AI-есептеулерге арналған ірі хаб — «Деректер орталықтарының алқабы» жобасы таныстырылды.
Сонымен қатар ТМҰ елдерінің ғарыш саласындағы ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Қазақстан Өзбекстан, Түркия және Әзербайжанмен бірлесіп CubeSat ғылыми спутнигін әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.
Лидерлерге eGov AI мен AlemGPT арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, AI-білім беру жүйесін дамыту және Alem.ai халықаралық орталығын құру жобалары да таныстырылды.
Бұдан бөлек, ТМҰ елдері Қазақстанның Алматыда Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын қолдады.
Источник: Aqorda