Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемі елдері технологиялық жаңғырудың жаһандық үдерісінен қалып қоймау үшін күш біріктіруі қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде технологиялық прогресс бүгінде мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру елдің стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала беретінін айтты.
Тоқаев Қазақстандағы жасанды интеллект саласының дамуы туралы айтып, Alem.ai халықаралық орталығының ашылғанын, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң қабылданғанын, сондай-ақ шетелдік мамандар мен инвесторларға арналған «Алтын виза» іске қосылғанын атап өтті.
Сонымен қатар президент жақын уақытта Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілетінін хабарлады.
Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің IT-хабтарын біріктіретін Turkic AI атты ортақ желі құруды ұсынды.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды көптілді форматта біріктіретін жасанды интеллект негізіндегі цифрлық платформа құру бастамасын көтерді.
Дерек көзі: Aqorda