Су ресурстары және ирригация министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» атты арнайы чат-ботты іске қосты, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба суару маусымы кезінде суды әділ бөлуді қамтамасыз етуге және «Қазсушар» РМК жүйесіндегі құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Жаңа чат-бот арқылы азаматтар су беру мен бөлу қызметтері кезіндегі заңсыз әрекеттер, сыбайлас жемқорлық фактілері және өзге де құқықбұзушылықтар туралы жедел түрде хабарлай алады. Сондай-ақ пайдаланушылар қажетті ақпаратты қысқа уақыт ішінде алу мүмкіндігіне ие.
Чат-ботқа қосылу үшін «Қазсушар» РМК филиалдары мен өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу қажет. Платформа қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді әрі анонимді түрде өтініш жолдауға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов судың «қара нарығымен» күрес ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шараларды талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, осы бағытта министрлік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстарды күшейтіп, су беру бойынша электронды келісімшарт жүйесі мен жерді қашықтан зондтауға негізделген ғарыштық мониторинг секілді цифрлық құралдарды енгізіп жатыр.
Министрлік мәліметінше, чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бірлесіп бекіткен судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасы аясында әзірленген.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері бассейндік инспекциялар заңсыз су алу фактілері бойынша жалпы сомасы 41 миллион теңгеге 99 әкімшілік айыппұл салған.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі