Қазақстанда мұнай өңдеу тереңдігін арттыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Naizanews.kz. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі үш мұнай өңдеу зауытындағы орташа көрсеткіш 87,4%-дан 90%-ға дейін өсті.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында өңдеу тереңдігі 88%-ға жетсе, Шымкент МӨЗ-де де осы деңгейге көтерілді. Ал Павлодар мұнай-химия зауытында көрсеткіш 94%-ға дейін өскен.
Өсім ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесін арттыру және Павлодар мұнай-химия зауытында битум өндірісін көбейту есебінен қамтамасыз етілді.
Жыл қорытындысы бойынша автобензин өндірісі 5,7 млн тоннаға, ал дизель отыны өндірісі 6,1 млн тоннаға жетті.
Министрлік өкілдері мұнай өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін жеткізу үшін зауыттарды жаңғырту және қуаттарды кеңейту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Дерек көзі: Magnific.com