Қосшыда жолдарды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ауқымды жұмыстар басталды, деп хабарлайды Naizanews.kz. Елдегі ең жас қаланың инфрақұрылымы мен тұрғын үй жобалары облыс әкімінің жеке бақылауында.
Биылғы маусымдағы негізгі бағыттардың бірі — жол құрылысы. Мамыр айында Республика көшесін қоса алғанда бірқатар көшеде жөндеу жұмыстары басталады. Ұзындығы алты шақырымнан асатын учаскеде жол жабыны толық ауыстырылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, су бұру жүйесі орнатылады.
Сонымен қатар LRT желісін Қосшыға дейін ұзарту жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұл болашақта қаланың көлік желісін Астанамен біріктіруге мүмкіндік береді.
Тұрғын үй мәселесі де шешімін табуда. Соңғы екі жылда әлеуметтік осал санаттағы жүздеген отбасы жаңа пәтер кілтін алды. «Diamond Park» секілді проблемалық тұрғын үй кешендерін аяқтау үшін құрылыс компанияларына жер телімдерін бөлу сияқты қосымша қолдау шаралары қабылданған.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, Қосшыдағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым тұрғындардың қажеттілігіне сай болуы тиіс. Қазір қалада мың адам қабылдайтын жаңа емхана, мектеп салынып, толық газдандыру жұмыстары аяқталуда.
Өңір экономикасын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі индустриялық аймақтың ашылуы болмақ. Бұл шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын құрып, тұрғындардың үйіне жақын жерде жұмыс табуына мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандардың ашылуы Қосшының өңірдегі ең перспективалы орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін күшейтіп отыр.
Айта кетейік, биыл қала өзінің алғашқы бес жылдық мерейтойын нақты нәтижелермен қарсы алуда. Барлық құрылыс және абаттандыру жобалары жауапты органдардың бақылауында.
Дерек көзі: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы