Алматыда БҰҰ Даму бағдарламасы, Төтенше жағдайлар орталығы және жапон сарапшыларының қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды Naizanews.kz. Тараптар Орталық Азиядағы апаттар қаупін азайту жүйесін нығайту жобасы аясындағы ынтымақтастықты талқылады.
Жоба Жапония Үкіметінің қаржыландыруымен жүзеге асырылуда.
Талқылау барысында Алматының жер сілкінісіне төзімділігін арттыру және сейсмикалық тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар Алматының сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан қала ретінде бұл тақырыптың өзектілігін атап өтті.
Сондай-ақ қалалық қызметтердің дайындығы, халықты ақпараттандыру тетіктері және халықаралық тәжірибені, соның ішінде Жапония тәжірибесін қолдану мәселелері қаралды.
Жапон сарапшылары жер сілкінісін болжау әлі де өте күрделі міндет екенін айтып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл бойынша халықтың хабардарлығын арттырудың маңызын атап өтті.
Дерек көзі: Алматы қаласының әкімдігі