Қазақстандық ғалымдар миллиондаған жыл бұрын Батыс Қазақстан аумағында болған ежелгі теңіздерді зерттеуді жалғастыруда, деп хабарлайды Naizanews.kz. Бұл бағыттағы негізгі зерттеушілердің бірі — геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Джамиля Якупова.
Ол кейінгі юра және ерте бор кезеңіндегі қазба теңіз рептилияларын зерттеп, ежелгі теңіз экожүйелерінің эволюциясын қарастырумен айналысады.
«Батыс Қазақстандағы қазба теңіз рептилияларының биоалуантүрлілігін зерттеу» жобасы аясында алғаш рет Kazakhstanosaurus және Nannopterygius туыстарының өкілдеріне толық сипаттама берілді.
Зерттеулер Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы ежелгі теңіздер арасындағы байланыстарды анықтауға және юра дәуіріндегі мұхиттар тіршілігінің көрінісін қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Kazakhstanosaurus туысы үшін типтік аймақ ретінде танылған Щучкино мекенінің халықаралық ғылыми маңызы ерекше аталды.
Жұмыс барысында ғалымдар қазба қалдықтарының цифрлық 3D-модельдерін жасап, деректер базасын қалыптастырды және «Батыс Қазақстанның теңіз рептилияларының қазба қалдықтары» атты ғылыми атлас шығарды.
Джамиля Якупова зерттеумен қатар оқытушылық қызметпен айналысып, ғылыми үйірмелерге жетекшілік етеді және студенттерді геология мен палеонтологияны зерттеуге тартып келеді.
Болашақта өңірдегі палеонтологиялық нысандар ғылыми туризм мен музей экспозицияларының бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі