Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңесте бірқатар нақты тапсырмалар берді. Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ЖІӨ-ге қосатын үлесін бағалау әдістемесін әзірлеу тапсырылды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Президенттің айтуынша, AI дамуы капитал мен технологиялардың жаһандық деңгейде шоғырлануын күшейтіп, «технологиялық алшақтықты» ұлғайтады. Бұл Қазақстан үшін «орта табыс тұзағына» түсу қаупін арттырады.
Осыған байланысты елде платформалық шешімдер мен мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесін құру арқылы цифрлық экономикаға көшу бағыты белгіленді. Сондай-ақ экономиканы мониторингтеу үшін предиктивті аналитика құралдарын енгізу қажеттігі атап өтілді.
Үкімет пен Ұлттық банкке цифрлық активтерді дамыту тәсілдерін келісіп, Қазақстанда толыққанды криптохаб қалыптастыру тапсырылды.
Сонымен қатар венчурлық экожүйені дамытуға басымдық берілді — салықтық ынталандыру, бірлесіп инвестициялау тетіктері және технологиялық жобаларды қолдау қарастырылған. Шетелдік мамандар мен инвесторларды тарту үшін «алтын виза» енгізу ұсынылды.
Президент қазақ тілін цифрлық жүйелерге интеграциялауды да маңызды бағыт ретінде атап өтті. Осы мақсатта деректерді сапалы датасеттерге айналдыру және ұлттық деректер сапасы стандартын бекіту тапсырылды.
Дерек көзі: Aqorda