Түркістан облысында «Казкрахмал» зауытының құрылысы жалғасуда. Ол жүгеріні терең өңдейтін Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің біріне айналады, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Кәсіпорын жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға бағытталған. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылуда: бірінші кезеңде астықты қабылдау, кептіру және сақтау жолға қойылған, ал екінші кезеңде өндірістік қуаттар салынады.
Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 150 мың тоннаға дейін жүгері өңдеп, крахмал, сироптар және жүгері майын қоса алғанда 26-ға жуық өнім түрін шығарады.
Өндіріс қалдықсыз технология бойынша ұйымдастырылып, табиғи шикізат пайдаланылады. Өңірде тұрақты шикізат базасын қалыптастыру үшін жүгері егіс алқаптары да кеңейтілуде. Өнім ішкі нарыққа да, Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа да бағытталады.
Алдағы уақытта кәсіпорын қуатын жылына 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі