Астанадағы мектептердің бірінде Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект кабинеті ашылады. Пилоттық жоба №101 «Келешек мектебінде» іске қосылып, оқу процесін цифрландыруға бағытталған, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Сыныпта бейне және аудиоаналитика жүйелері орнатылады. Олар сабақ барысында оқушылардың белсенділігі мен зейінін талдап, жиналған деректер негізінде есептер қалыптастырады және мұғалімге сабақтарды бейімдеуге көмектеседі.

Кабинет интерактивті панельдермен және заманауи есептеу жүйелерімен жабдықталады.

Сонымен қатар оқушылар дрондарды басқару мен бағдарламалауды үйреніп, өз жобаларын әзірлеу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, білім сапасын цифрлық шешімдер арқылы арттыруға бағытталған.

Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі