Қостанай облысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған сабақтар өткізілуде, деп хабарлайды Naizanews.kz. Бағдарлама құқық бұзушылықтың алдын алуға және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Сабақтарға прокуратура, полиция қызметкерлері және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысады. Олар нақты мысалдар арқылы құқықтық нормаларды түсіндіріп, тәжірибелік білімдерімен бөліседі.
Ерекше назар буллинг пен кибербуллингтің, нашақорлық пен ойынға тәуелділіктің алдын алуға, сондай-ақ девиантты мінез-құлықтың алдын алуға аударылады.
Сабақтар интерактивті форматта, тренингтер мен практикалық тапсырмалар элементтерімен өткізіледі. Кезекті кездесу Қостанай қаласындағы №8 мектепте өтіп, оқушылармен құқықтық жауапкершілік және заңды сақтау мәселелері талқыланды.
Дерек көзі: Қостанай облысының әкімдігі