Соңғы бес жылда Қазақстанда ана өлімі 35%-ға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада өткен халықаралық сессияда мәлімдеді, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Министрлік дерегінше, нәресте және перинаталдық өлім көрсеткіштері де жақсарған. Бұл нәтижелер жүйелі реформалар мен медициналық көмектің заманауи стандарттарын енгізумен байланыстырылады.
Министр климаттың өзгеруі халық денсаулығына, оның ішінде әйелдердің репродуктивті денсаулығына әсер ететін факторға айналып отырғанын атап өтті.
Елде жүкті әйелдерді ерте бақылауға алуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылуда — әйелдердің 90%-дан астамы 12 аптаға дейін есепке тұрады.
Сондай-ақ туа біткен патологиялар тәуекелін жедел анықтауға мүмкіндік беретін «Бір күндік клиника» жобасы енгізілді.
Бұған қоса, жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді, онда репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша алдын алу және кеңес беру жүргізіледі.
Дерек көзі: Freepik