Қазақстанда еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды күшейту жоспарлануда, деп хабарлайды NAIZA NEWS ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. Ведомство техникалық инспекторлардың өкілеттігін кеңейтетін өзгерістер әзірлеуде.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік инспекторлар 17,5 мың қызметкердің құқығын қорғады. Жұмыс берушілерге 450 млн теңгеден астам жалақы қарызын өтеу міндеттелді.
Енді техникалық инспекторлар деректерді өз бетінше сұрата алады, еңбек жағдайларын тексереді және жазатайым оқиғаларды тергеуге мемлекеттік органдармен тең деңгейде қатысады. Тиісті түзетулер парламент қарауына жіберілген.
Сонымен қатар құқықбұзушылықтардың алдын алу тетіктері енгізілуде. Кәсіпорындарда жұмыс берушілер, қызметкерлер және кәсіподақтар қатысатын өндірістік кеңестер құрылып, тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталады.
Сандық бақылау да күшейтілуде: «Еңбек тәуекелдері картасы» басқа мемлекеттік органдардың базаларымен біріктіріліп, проблемалы кәсіпорындарды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Дерек көзі: Freepik