2026 жылы Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам автожолды салу, реконструкциялау және жөндеу жоспарланған. Оның ішінде шамамен 3,4 мың шақырымы жаңа жобалар мен қайта жаңғыртуға тиесілі.
Негізгі жобалардың бірі — ұзындығы 896 км болатын «Орталық – Батыс» бағыты. Ол елорданы батыс өңірлерімен байланыстырып, Транскаспий бағытына шығуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Бейнеу – Сексеуіл» және Жезқазған – Қарағанды жобалары іске асырылып, өңірлер арасындағы қашықтық айтарлықтай қысқарады.
Ірі жобалар қатарында Ақтөбе – Ұлғайсын және Атырау – Доссор жолдары, сондай-ақ Сарыағаш пен Қызылорда қалаларын айналып өтетін жол құрылыстары бар.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа жолдар қалалардағы жүктемені азайтып, қауіпсіздікті арттырып, елдің көлік байланысын нығайтады.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі