Ақордада XIV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының алтын және қола медаль жеңіп алған жетістігін атап өтті.
– Бұл отандық параспорт үшін тарихи жетістік. Ербол бүкіл әлемге қазақ халқының қайсарлығын, ерлігін және рухын көрсетті. Сондықтан ең алдымен саған және бапкерлер құрамына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Президент.
Жоғары спорттық нәтижелері үшін Ербол Хамитов III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Оның бапкерлері Василий Коломиец пен Антон Жданович «Парасат» орденін, Аслан Тоқбаев «Құрмет» орденін алды.
Спортшы қолдау үшін алғыс айтып, команда алдағы уақытта да жұмысын жалғастырып, жаңа нәтижелерге жетуді көздейтінін атап өтті.
Источник: Aqorda