Қазақстанда онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағытталған биологиялық белсенді қоспа әзірленуде. Жобаны Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүзеге асыруда.
Болашақ өнімнің негізін жергілікті шикізаттан алынатын компоненттер — атап айтқанда, қызанақ пен қарбыз құрайды. Негізгі элемент ретінде ликопин қарастырылған — бұл иммунитетті нығайтуға және созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге ықпал ететін табиғи антиоксидант.
Пайдалы қасиеттерін сақтау үшін ғалымдар заманауи өңдеу әдістерін, соның ішінде лиофильді және инфрақызыл кептіру тәсілдерін қолдануда. Бұл шикізаттың биологиялық құндылығын барынша сақтауға және дайын өнімнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаны енгізу функционалдық өнімдер өндірісін кеңейтуге, импорттық қоспаларға тәуелділікті азайтуға және елдің агроөнеркәсіптік кешенінің әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Дерек көзі: Freepik