Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына дайындық цифрландыру жөніндегі жұмыс тобы тең төрағаларының онлайн-кеңесінде басты тақырып болды. Отырыстың өзі 2026 жылғы 2 шілдеге жоспарланған.
Хабарланғандай, алдағы кездесудің негізгі тақырыбы ұлттық технологиялық экожүйелерді дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект пен елдің цифрлық егемендігі мәселелері болмақ.
Талқылауға Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, KPMG компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев және «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар ағымдағы жылға арналған негізгі жұмыс бағыттарын айқындады. Олардың қатарында жасанды интеллект технологияларын экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және Қазақстандағы ірі жобаларды іске асыруға халықаралық технологиялық компанияларды тарту бар.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады. Олар мемлекет пен жаһандық инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайту мен цифрлық дамуына маңызды үлес қосатынын атап өтті.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі