Айбек Дәдебай: Президент жаңа Конституция мәтінін дайындауға жеке қатысты

Источник: Aqorda
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасын әзірлеуге тікелей қатысқан. Бұл туралы Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дадебай мәлімдеді, деп хабарлайды NAIZA NEWS «Қазинформға» сілтеме жасап.
-
- Оның айтуынша, Мемлекет басшысы құжатты дайындау жұмысына ерекше көңіл бөліп, жобаның негізгі ережелерімен жеке өзі жұмыс істеген.
-
- “Президент бұл жұмысқа арнайы уақыт бөліп, ең белсенді түрде қатысты. Ол азаматтардан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық ұйымдардан түскен конструктивті ұсыныстармен жеке танысып, оларды мұқият зерттеді. Кейін кеңесшілері мен сарапшыларымен бірге Негізгі заңның преамбуласы, бөлімдері мен баптарын дайындау және редакциялау жұмыстарымен тиянақты айналысты”, — деді ол.
-
- Айбек Дадебайдың айтуынша, жоба бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілген. Соңғы алты ай ішінде Президент жұмыс тобының қатысушыларымен және Конституциялық комиссия мүшелерімен жүйелі түрде кездесулер өткізген.
-
- “Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Президент Конституция жобасын әзірлеуге ерекше мән берді. Жаңа Конституция жобасының мәтінінде оның саяси бағытының негізгі қағидаттары, қоғам мен мемлекетті дамыту жөніндегі көзқарастары мен ұстанымдары толық көрініс тапқан. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Конституциямыздың басты авторы екені сөзсіз”, — деп атап өтті Президент Әкімшілігінің басшысы.
-
- Сонымен қатар ол алдағы референдумға дайындық мәселесіне де тоқталып, ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.
-
- “Бұл референдум еліміз үшін де, барлық азаматтарымыз үшін де аса маңызды. Сондықтан барлық құқықтық рәсімдердің сақталуы және заң талаптарының қатаң орындалуы ерекше мәнге ие. Осы тұрғыда Референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссияға ерекше жауапкершілік жүктеледі”.
-
- Оның сөзінше, мемлекеттік органдар дауыс беруді толыққанды ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл сайлау учаскелерін дайындауды және азаматтардың барлық санатының, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да қатысуына жағдай жасауды қамтиды.