Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда мыңнан астам медаль жеңіп алды

Дерек көзі: Freepik
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі кеңейтілген алқа отырысында 2025 жылдағы білім беру жүйесінің даму қорытындыларын шығарды. Ведомствоның мәліметінше, негізгі басымдықтар білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, білім сапасын арттыру және дарынды оқушыларды қолдау болды.
-
- Министрлік деректеріне сәйкес, қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда табысты өнер көрсетті. 2025 жылы 1 720 оқушы ел намысын халықаралық зияткерлік жарыстарда қорғап, 1 006 медаль жеңіп алды. Әсіресе робототехника, химия және физика бағыттарында жоғары нәтижелер көрсетілді.
-
- Мемлекет басшысының бастамасымен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне 100 миллион теңгеден астам сыйақы төленді. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдау халықаралық ғылыми конкурстардың жүлдегерлеріне де көрсетілетін болады.
-
- Инфрақұрылымды дамытудағы негізгі жобалардың бірі «Келешек мектептері» бағдарламасы болды. Оның аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды. STEM-зертханалар мен инновациялық кабинеттерді қамтитын заманауи жабдықтардың арқасында 43 үш ауысымды және 8 апатты мектеп мәселесі толық шешілді.
-
- Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық активтерін мемлекетке қайтару есебінен халық саны қарқынды өсіп жатқан өңірлерде 77 жаңа мектеп салынды.
-
- Жалпы 2020 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушы орнына арналған 1 242 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы кезеңде елдегі үш ауысымды мектептердің саны төрт есе азайды.