Қазақстан мен Франция аграрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Источник: Depositphotos
- Қазақстан делегациясы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалиннің басшылығымен Францияда өткен Халықаралық ауыл шаруашылығы салонына қатысты. Бұл — Еуропадағы ең ірі аграрлық көрмелердің бірі. 62-рет ұйымдастырылған форумға әртүрлі елдерден фермерлер, қайта өңдеушілер және агроөнеркәсіп өнімдерін өндірушілер жиналды.
-
- Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық өкілдер салалық кездесулер мен конференцияларға қатысып, ветеринария, селекция, генетика және агроөнеркәсіп кешеніне цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Негізгі назар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және мал шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға аударылды.
-
- «2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы өзара тауар айналымы 100 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстан соя бұршақтарын, өсімдік майларын және этил спиртін экспорттайды, ал Франциядан азық-түлік, сүт өнімдері мен шырындар импортталады. Біз генетика мен агротехнологиялардан бастап білім беру және бірлескен ғылыми жобаларға дейінгі ынтымақтастықты кеңейтуді көздейміз», — деді Аманғалий Бердалин.
-
- Тараптар ғылыми және технологиялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Францияның SYNETICS компаниясы Қазақстанның ғылыми ұйымдарымен, соның ішінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен, етті ірі қара мал шаруашылығын дамыту және селекциялық бағдарламалар бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеді.
-
- Сонымен қатар қазақстандық өнімдерді еуропалық нарыққа шығару мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жылқы етін, аквакультура және омарта шаруашылығы өнімдерін экспорттау мүмкіндіктері қарастырылды. Бұған қоса француз ғылыми және салалық ұйымдарымен селекция, жемшөп өндірісі және аграрлық секторға инновациялық шешімдерді енгізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.