Айдарбек Сапаров: Аграрлық ғылым экономикаға жұмыс істеуі тиіс

Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
- Ауыл шаруашылығы министрлігінде Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен аграрлық ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ, ғылыми-зерттеу институттары мен салалық департаменттердің өкілдері қатысты.
-
- Министр Мемлекет басшысының ҰАҒБО-ны тік интеграцияланған агротехнологиялық хабқа трансформациялау жөніндегі тапсырмасын еске салды және ғылыми әзірлемелер саланың нақты нәтижесіне жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, аграрлық ғылымның дамуын тежейтін себептерге ашық талдау жасап, оларды жою бойынша нақты шаралар қабылдау қажет.
-
- 2025 жылы 34 ғылыми-техникалық бағдарлама аяқталды, оның 26-сы ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдарына тиесілі. 2028 жылға дейінгі селекция және тұқым шаруашылығы жөніндегі кешенді жоспар аясында 108 жаңа сорт пен гибридті мемлекеттік сорт сынағына беру жоспарланған. Бұл ретте олардың нарықтағы сұранысы мен экономикалық тиімділігіне басымдық беріледі.
-
- 2026 жылы тұқым шаруашылығы алқаптарының көлемі 66,8 мың гектарға дейін өседі, бұл жалпы егіс алқабының шамамен 60%-ын құрайды. Мал шаруашылығы саласында 2030 жылға дейін ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдары мен салалық оқу орындарының базасында 17 құзырет орталығын құру жоспарланған.
-
- Тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылды: АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің құрылымында профильдік басқарма құрылды. Сондай-ақ әзірлемелерді коммерцияландыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және кадрлық әлеуетті нығайту міндеттері белгіленді.
-
- Кеңес қорытындысы бойынша салалық департаменттер мен ҰАҒБО-ға кешенді жоспарларды іске асыруды, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты қамтамасыз етуді және аграршыларға арналған ұсынымдар әзірлеуді тапсырылды.