Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турнесін Польшаның Краков қаласында өткен концертпен бастады. 18 қазанда Tauron Arena сахнасында ұйымдастырылған кешке әртүрлі елдерден мыңдаған жанкүйер жиналды, деп хабарлайды NaizaNews.kz DimashNews басылымына сілтеме жасап.
Концерт жаңа бағдарламаға атау берген қазақ тіліндегі Dimensions композициясымен ашылды. Әнші бұл турнеге бірнеше жаңа туынды дайындаған. Олардың бірқатарының музыкасын өзі жазған.
Бағдарламаның алғашқы бөлімінде ағылшын тіліндегі «Guilty of Your Light» және «Somebody Loves You» әндерінің премьерасы өтті. Бірінші бөлім Игорь Крутойдың «Olimpico» кантатасымен аяқталды.
Концерттің екінші жартысында Димаш «Drive On», «Tell Me Why», жаңа вокализ және «Release My Soul» шығармаларын орындады. Соңғы туындының авторы — әншінің інісі Мансұр Құдайберген.
Кеште қазақ әндеріне де ерекше орын берілді. Көрермендер «Ақерке», «Тау ішінде», «Дурдараз» халық әндерін және «Өмір» композициясын тыңдады. Сонымен қатар «The Story of One Sky», «Stranger», «Moonlight», «Самғау» және «Любовь уставших лебедей» туындылары шырқалды.
Әнші концерт барысында көрермендермен де еркін тілдесті. Жанкүйерлер оған поляк тілінде «Мен сіздерді жақсы көремін» деген сөзді айтуды үйретіп, кейін бұл тіркесті бәрі бірге қайталады.
Кештің тағы бір есте қаларлық сәті Молдовадан келген Тимур есімді жас жанкүйердің сахнаға шығуы болды. Ол «Любовь уставших лебедей» және «S.O.S» әндерінен үзінділер орындады.
Концерттің қорытынды бөлімі «Ұмытылмас күн» әнімен басталды. Ал кеш «Give Me Your Love» және жаңа «Жаңа күн» композицияларымен аяқталды.
Осылайша Краковтағы концерт Димаш Құдайбергеннің жаңа DIMENSIONS әлемдік турнесінің алғашқы сахналық қойылымы болды. Бағдарламада тың туындылармен қатар қазақ әндері мен тыңдарманға бұрыннан таныс шығармалар орындалды.
Источник: DimashNews