Қазақстанда Джеки Чан басты рөлді сомдайтын «Доспехи Бога. Ультиматум» халықаралық киножобасының түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Астанада жоба авторлары, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов және басты рөлді сомдаған Джеки Чанның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Фильм Salem Entertainment қазақстандық компаниясының алғашқы халықаралық жобасы болды. Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік China Film Group Corporation кинокомпаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Түсірілім Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтті.
Баспасөз конференциясында Қазақстанның халықаралық киноөндіріс үшін түсірілім алаңы ретіндегі мүмкіндіктері, елдің табиғи және локациялық әлеуеті, сондай-ақ шетелдік түсірілім жобаларын тарту перспективалары талқыланды.
Министрліктің мәліметінше, жоба Қазақстанның туристік және мәдени әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық киноөндірістерді елге тартуға ықпал етуі мүмкін.
Дерек көзі: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі