Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай-Фумен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Мемлекет басшысы оның Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформация бағыттарын қалыптастыруға қосқан сараптамалық үлесінің маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Президент Үкіметтің жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу жобасын іске асыруға кіріскенін айтты. Бастаманы әзірлеу кезінде Ли Кай-Фудің ұсынымдары мен озық халықаралық тәжірибе ескерілген.
Ли Кай-Фу шағын жинақты мектептерге арналған жобаның негізгі параметрлерін таныстырды. 2026 жылғы қыркүйектен бастап пилот 10 мектепте жүзеге асырылып жатыр. 2027 жылғы қаңтарда оны 60 мектепке, ал сәуірде 500 мектепке дейін кеңейту жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны кезең-кезеңімен кеңейтіп, оның білім сапасын арттыруға нақты әсер етуі маңызды екенін атап өтті. Жасанды интеллект мүмкіндіктері қалада да, ауылдық жерлерде де бірдей қолжетімді болуы тиіс.
Мемлекет басшысы ЖИ-ді кәсіпкерлікті дамыту құралдарының бірі ретінде қолданудың мүмкіндіктеріне де назар аударды. Сонымен қатар Президентке жасанды интеллект және цифрлық трансформация саласындағы бірқатар бастама таныстырылды.
Источник: Ақорда