Қазақстанда көз ауруларын диагностикалау және емдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Оның ішінде жоғары технологиялық хирургия мен жасанды интеллектіні қолдану бағыттары дамуда, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылы офтальмологтар шамамен 3 млн амбулаториялық қабылдау өткізді. Бұдан бөлек, 3 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден өтті. Стационарлық офтальмологиялық көмекті 127 мыңнан астам пациент алды. Қазір елде шамамен 1,5 мың офтальмолог дәрігер жұмыс істейді.
Қазақстанда офтальмологиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды. Балалар офтальмологиясы, глаукоманы, көз торы мен қасаң қабық ауруларын емдеу сияқты мамандандырылған бағыттар дамып келеді.
Денсаулық сақтау министрі Акмарал Альназарова офтальмологиялық қызметті одан әрі дамыту, озық технологияларды енгізу және пациенттің тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету негізгі міндет екенін атап өтті.
Шала туған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтау мен емдеуге ерекше көңіл бөлінеді. 2025–2027 жылдарға арналған жол картасында скринингті жетілдіру, медициналық ұйымдарды жабдықтау және мамандар даярлау көзделген.
Сонымен қатар кератопластика мен жоғары технологиялық офтальмохирургияны дамыту жалғасып жатыр. Жасанды интеллектіні медициналық кескіндерді талдау, көз ауруларын ерте анықтау, тәуекелдерді бағалау және клиникалық шешім қабылдауға қолдау көрсету үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Офтальмологиялық көмекті дамыту перспективалары Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан Республикасындағы офтальмологияның жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық қатысумен ұйымдастырылған Қазақстан офтальмологтары конгресінде талқылануда. Оған еліміздің өңірлерінен келген мамандар, медициналық ұйымдар, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Қырғызстан сарапшылары қатысып жатыр.
Источник: magnific.com