Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Әйел ауыр күйік жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Naiza News Шымкент қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ерлі-зайыптылар шамамен бес жыл бұрын ажырасқан. Олардың ортақ баласы бар. Әйел сұлулық салонында жұмыс істейді.
Оқиға болған күні ер адам бұрынғы әйеліне басқа нөмірден хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол кешкі уақытта қабылдауын сұраған. Кездесу кезінде ер адам әйелдің үстіне қышқыл төгіп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Зардап шеккен әйелдің басы, беті, мойны, кеудесі, қолдары, арқасы мен иығы күйген. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.
Шымкент қаласының Полиция департаменті оқиғаның 2 тамызда болғанын хабарлады.
«Осы жылдың 2 тамызында дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай, бұрынғы жұбайы алдау арқылы кездесуге келісіп, әйелдің үстіне сұйықтық төгіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған факті бойынша Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын сол күні анықтап, Алматы қаласында ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, күзетпен ұсталуда. Тергеу барысы ПД басшылығының бақылауында», – деп хабарлады Полиция департаменті.
Алдын ала ақпарат бойынша, жанжалға несие мен алимент төлеуге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Источник: Фото: "Криминальный Казахстан" Telegram-арнасы